Тегін жатқан топырақтың ақшаға сатылатындығымен келіспейтін, бұрын Атырау қалалық мәслихатының бірнеше шақырылымының депутаты болған Қали ӘУБЕКЕРОВ ATPress.kz тілшісіне сұхбат берді.
– Топырақтың көптеген жетекші ғылыми институттар шығарған стандарты бар. Соған сүйенсек, оның шамамен жүз түрі бар. Ал, біздер күнделікті өмірде тек аяғымыздың астындағын ғана білеміз. Мәселен, мәрмәр де, гранит та топырақ болып саналады. Бұрын жол салып жатқан мекемелерге топырақ алғаны үшін миллиардтаған теңге айыппұл салып жүрді. Ал, шын мәнінде топыраққа баға қойып, оны сату заңсыз екені анықталған еді. Бұл жергілікті, тіпті, жоғары сотта да дәлелденіп, топыраққа баға қойылмайтыны жөнінде арнайы қаулы да шықты. Бір қызығы, бүгінде үкімет тарапынан салынып жатқан жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасында топырақтың бағасы ап-айқын көрсетілген. Яғни, жер жекенің меншігінде болса, ондағы топырақты да мемлекет қыруар қаржыға сатып алып отыр деген сөз. Сонда үкімет неге тегін топырақты сатып алуы тиіс? Тиісті мемлекеттік органдар «жекенің меншігінде екен» деп қарап отырмай, өз құзыретін пайдалануына болады ғой, - дейді ол.
Расымен де, өндірісті өңірде қаншама шойын жолдар мен әлеуметтік нысандар салынуда, инфрақұрылым жүйесі жүргізіліп, құрылыс қарқын алуда. Соның бәріне топырақ қажет. Ал, оны сатып алу үшін мемлекет қазынасынан қыруар қаражат бөлінуде. Байырғы депутаттың айтуынша, бұл – дұрыс емес. Ендеше, мұны тоқтату үшін не істеу керек?
«Менің жасым 86-ға келсе де, осы жердің байырғы тұрғыны болғандықтан, оның экологиясына жаным ашиды. Экология тек ауа мен судан тұрмайды ғой. Оған топырақ та кіреді. Ендеше, оны саудаға салу әбестік болар еді. Сондықтан, өз тарапымнан жауапты органдар мен министрлікке жазбаша хат та жолдадым. Енді нәтижесін күтемін. Менің ұсынысым – жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілетін топырақты пайдалы қазбалар тізімінен алып тастау. Себебі, ол бағалы мұнай немесе газ емес қой. Егер менің ұсынысыма министрліктегі мамандар құлақ асса, тиісті заңға өзгеріс енгізіледі дегп үміттенемін» дейді Қ.Бисембіұлы бізбен әңгімесінде.
Айта кетейік, Қали Әубекеров Орал ауылшаруашылық техникумын тәмамдаған. Атырау қаласында мұнай базасын, «Водстрой» тресті автобазасын, «Межколхозстрой» трестінің механизация және құрылыс басқармасын басқарған. «Атырау жолдары» акционерлік қоғамының вице-президенті және «Атырау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры болған.