Ертең Махамбет Өтемісов атындағы қазақ академиялық драма театрының 86-шы маусымы Рақымжан Отарбаевтың «Бейбарыс» қойылымымен ашылады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы театр басшысы Сағынтай Көпжасаров Атырау облысының өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.
«Биылғы маусымда театр сахнасында бірнеше жаңа қойылым көрсетіледі. Атап айтқанда, Ұлттық құрылтай қарсаңында «Қасым хан» пьесасы, атыраулық бард-ақын Табылды Досымовқа арналған «Ұнатамын мен сені» пьесасы, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасы желісіндегі спектакль қоюды жоспарлап отырмыз», - деді С.Көпжасаров.
Биыл театрдың негізі қаланғанына 85 жыл толды. Мерейтой аясында өнер ордасы бірнеше гастрольдік сапарлар мен республика деңгейінде конкурстар ұйымдастырылды. Жаңа маусымда да өнер ұжымы республикалық фестиваль ұйымдастырып, еліміздегі 8 театрдың басын қосқалы отыр.
Айта кетейік, алдағы уақытта Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына орай Мысыр елінінің Каир қаласында өнер көрсетеді.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ