Теңіз вахталық қалашығында орналасқан «ТШО» ЖШС аумағында өрт тіркелді, деп хабарлайды AtyrauPress.
Бұл туралы Жылыой ауданы полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, 2026 жылғы 18 қаңтар күні шамамен сағат 10:00-де Құлсары қаласына қарасты Теңіз вахталық қалашығында орналасқан «ТШО» ЖШС-нің 3-буынды зауыт аумағындағы электр тоқ трансформаторының өртенгені туралы хабарлама түскен.
Араға аз уақыт салып, аталған аумаққа жақын орналасқан екінші трансформатордан да ақау шығып, өрт тіркелген. Оқиға орнына жедел әрекет ету шаралары ұйымдастырылып, қауіпсіздік талаптарына сәйкес зауыт аумағынан 473 жұмысшы толық эвакуацияланды.
Қоғамдық тәртіпті сақтау және жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында оқиға орнында Теңіз полиция басқармасының қызметкерлері қызмет атқарды.
Қазіргі таңда өртті сөндіру жұмыстарымен «ТШО» ЖШС-нің өрт сөндіру бөлімі айналысып жатыр. Адам шығыны тіркелген жоқ, жағдай толық бақылауға алынған.
Аталған дерек бойынша тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде.