Атырауда тамақтан улану деректері азайған

Облыста осы жылдың жазғы маусымында тамақтан уланудың жалғыз ғана жағдайы тіркелген. Ол өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 23-ке төмен көрсеткіш. Бұл туралы Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Айгүл Искакованың айтуынша, мұндай көрсеткіш — тұрғындар арасында жүргізілген санитариялық-ағарту жұмыстары мен бақылау шараларының нәтижесі.

- Азық-түліктің иісі мен сыртқы түріне мұқият қарап, жарамдылық мерзімі мен сақталу жағдайын ескерген жөн. Әсіресе, жазда тез бұзылатын өнімдерді тоңазытқышта сақтау өте маңызды. Адамдар көкөніс пен жемістерді мұқият жуып, ет пен сүт өнімдерін толық пісіріп жеуі қажет. Сонымен қатар сауда орындарынан, әсіресе, рұқсат етілмеген жерлерден азық-түлік сатып алудан аулақ болу керек, – деді А.Искакова.

Жаз мезгілінде тағам өнімдерінің тез бұзылуы түрлі ішек инфекциялары мен токсикоинфекциялардың көбеюіне себеп болуы мүмкін. Тұрғындар көбіне көше тағамдарын немесе белгісіз орындардан сатып алынған сапасыз өнімдерді тұтыну салдарынан уланады.

Инфекционист-дәрігер Жансая Хайдарова уланудың жиі кездесетін түрлерінің бірі тағамдық токсикоинфекция екенін атап өтті. Бұл – шартты-патогенді бактериялардың тағам арқылы ағзаға түсіп, экзотоксиндер бөлу нәтижесінде дамитын жедел ауру түрі.

- Аурудың алғашқы белгілері: құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі – көбіне тағам қабылдағаннан кейін 2-16 сағат аралығында білінеді. Балалар үшін бұл өте қауіпті, себебі олардың ағзасы тез құрғайды. Улану кезіндегі басты ем – жоғалған сұйықтық пен электролитті қалпына келтіру, – деді инфекционист.

Оның айтуынша, алғашқы көмек ретінде регидрациялық ерітінділер, сорбенттер мен пробиотиктер қолданылуы тиіс. Сонымен қатар көп сұйықтықты аз-аздан жиі ішкен жөн – бұл құсу рефлексін болдырмайды.

Мамандар тұрғындарды жаз айларында тағам қауіпсіздігіне ерекше мән беруге, тексерілген сауда орындарынан ғана азық-түлік алуға және азық дайындау барысында тазалықты сақтауға шақырады.