Жазғы уақытта тамақтан улану жағдайлары жиі кездеседі. Себебі ауа температурасының жоғарылауы тағам құрамындағы бактериялардың қарқынды көбеюіне әкеледі. Мамандардың сөзінше, бұл өз кезегінде өнімнің бүлініп, адам ағзасына қауіп төндіруі мүмкін, – деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.
2024 жылы өңірдегі қоғамдық тамақтану орындарында тіркелген тағамнан улану салдарынан 24 адам медициналық көмекке жүгінген. Жағдайларының басым бөлігі санитариялық талаптардың сақталмауынан және сапасыз өнім тұтынудан болған.
– Жоғары температура микроорганизмдердің жылдам көбеюіне жағдай жасап, тағамды тез бұзады. Сондықтан тұрғындар үйде де, қоғамдық орындарда да тамақтың сапасына ерекше мән беруі тиіс. Азық-түлік сатып аларда сақталу мерзіміне, сапа құжаттарына және сыртқы түріне назар аударған жөн. Сонымен қатар тамақ дайындау кезінде жеке бас гигиенасын сақтау – уланудың алдын алудың негізгі жолы, – деді Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Искакова.
Мамандардың айтуынша, уланудың алдын алу үшін қарапайым сақтық шараларын ұстану жеткілікті:
• Тағамды тек сенімді сауда орындарынан сатып алу;
• Дайын тағамды дұрыс сақтау;
• Азық-түлікті тұтынбас бұрын мұқият жуу;
• Термиялық өңдеуді толық жасау;
• Санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау.
Фото: иллюстратив