23 шілдеде сағат 00:50 шамасында Атырау қаласындағы Бесікті ауылы тұсында Жайық өзеніне белгісіз жағдайда екі адам суға батып кеткен, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Бұл жөнінде полиция департаментіне жедел кезекшісінен хабарлама түсті. Құтқарушылар дереу шақырту орнына жетіп, 2010 және 2011 жылы туған екі баланың суға батып кеткендігін анықтады. Бірінші баланың денесін туыстары өз күштерімен судан шығарып алған. Ал, құтқарушылар екінші баланың денесін су астынан іздестіруде. Оған ТЖД 11 жеке құрамы, 5 жүзу құралы жұмылдырылды.
«Қайғылы оқиғалардың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Атырау облысының аумағында шомылу маусымы биыл әлі ресми түрде ашылмағанын хабарлаймыз. Суға шомылу қауіпті, соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Облыстың тұрғындары мен қонақтарын суға шомылудан бас тартуға шақырамыз» дейді Қоғаммен байланыс тобындағы мамандар.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ