Атырауда Сырым Датов көшесі қайта жаңғыртылады деп хабарлайды ATPress.kz.
Бұл туралы қала әкімдігінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланды. Төрт жолақты жолдың жалпы ұзындығы 4,69 шақырымды құраса, жол жөндеу жұмыстары бірінші аумақ - Азаттық даңғылынан бастап Қиғаш көшесіне дейін, екінші аумақ - Баймұханов көшесінен Абдрахманов көшесіне дейінгі аралықты қамтымақ.
"Осы ретте, жол 7 шілде күні сағат 08:00 ден бастап жабылатындығын хабарлаймыз. Жол құрылысын «Атырауинжстрой» мердігер мекемесі жүргізеді" делінген жазбада.
Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандарының айтуынша, жаңғырту жұмыстары кезінде толықтай жолдың астыңғы қабаттары алынады. Сондай-ақ, жоба шеңберінде жаяу жүргінші жолы, 8 ашық және 4 жабық аялдама, заманауи көше жарық шамдарын орнату көзделіп отырған көрінеді.
"Жол жөндеу жұмыстарына байланысты қалалық автобус бағыттарының да қозғалысы уақытша өзгереді. Жұмыстар жоспар бойынша кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Туындаған уақытша келеңсіздіктерге түсіністікпен қарауларыңыз сұралады" делінген хабарламада.