Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында бард-ақын Табылды Досымовтың шығармашылығына арналған «Биіктік» атты кеш өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сыршыл композитор, ерекше үнді әншінің еске алу кешіне облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, ақынның жұбайы Қарлығаш, ұлы Абыл, қазақтың маңдайалды рухани тұлғаларымен қатар, өнер сүйер қауым қатысты.
Іс-шара Табылды Досымовтың өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликпен ашылды. Кейін облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев атыраулық арқалы ақынды еске алып, жұбайына құрмет көрсетті.
- Киелі өлкемізде дүниеге келген ерекше дарын иесі Табылды Досымовтың шығармашылығын дәріптеу кейінгі ұрпақтың борышы деп білеміз. Артына мәңгі өшпес із қалдырған ағамыздың өлеңдері кім-кімнің де жүрегін тебірентпей қоймасы анық. Міне, бүгін лық толы залда ағамыздың өлеңін, ерекше өнерін сүйетін кәрі де, жас та жиналды. Әр өлеңінің астарында еліне, туған жеріне деген үлкен махаббат пен патриоттық сезімді сеземіз. Бүгінгі кешке жиналған қауымға облыс әкімі Серік Шәпкеновтың атынан алғыс айтып, ризашылығымды білдіремін,- деді Ж.Бисембиев.
Кеште Т.Досымовтың шәкірттері, жергілікті өнерпаздар мен танымал әншілер және досы Елена Әбдіхалықова ақынның әні мен сөзіне жазылған әндерді шырқады.
Сондай-ақ кеш барысында көрнекті ақын, Махамбет сыйлығының, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері Светқали Нұржан, Табылды ақын жырларында есімі жиі кездесетін курстас досы астаналық Әубәкір Сымайлов пен республикалық Т.Досымов қорының директоры, ақын мұраларының жоқтаушысы Бижан Қалмағамбетов құттықтау сөз алып, Табылды Досымов туралы әдемі естеліктермен бөлісіп, барша қазақ жұртына амандық тіледі.
Салтанатты шараны ақынның ұлы Абыл Аяш бард-ақынның «Биіктік» әнімен аяқтады.