Атырауда төтенше жағдайға дайындық деңгейі пысықталды

«Жер-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының Атырау қаласы аумағындағы практикалық кезеңіне 280 адам, 29 техника және 15 азаматтық қорғау қызметі қатысты. Жалпы облыс көлемінде 852 адам және 213 бірлік техника жұмылдырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Құтқару қызметтері жойқын жер сілкінісі тіркелді деген шартты сценарий негізінде шұғыл әрекет етіп, төтенше жағдай кезіндегі дайындық деңгейін көрсетті.

Элеватор маңындағы айналма жолда жедел штаб, тұрғындарды тіркеу бекеті, уақытша орналастыру лагері, далалық госпиталь және қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлармен қамтамасыз етілген алаңдар құрылды.

⁃ Оқу-жаттығу аясында бірнеше бағыт бойынша практикалық әрекеттер пысықталды. Төтенше жағдайлар департаментінің кинологиялық топтары үйінді астында қалған жандарды анықтап, құтқарып, медициналық жәрдем қызметіне тапсырды. Уақытша баспанасыз қалған тұрғындар пойызбен эвакуацияланып, қабылдау және орналастыру шаралары ұйымдастырылды. Оларға азық-түлік, ауызсу, медициналық және психологиялық көмек көрсетілді, - деді Атырау облысы ТЖД басқарма басшысы Жантөре Демешов.

Жаттығу барысында апат аймағына инженерлік техниканы жөнелту, тиеу және тиімді пайдалану тәсілдері пысықталды. Құтқару жұмыстарына вахтовка, КШМ, КамАЗ, самосвал, реаномобиль секілді арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар L-410 тікұшағы арқылы зардап шеккендерге әуеден алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

⁃ Сондай-ақ зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер мен фельдшерлерден құралған топ жұмыс істеді. Уақытша лагерь аумағында алғашқы медициналық көмек пункті ұйымдастырылып, құрамында травматолог, хирург мамандар да болды, - деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілова.

Іс-шара төтенше жағдай кезінде халықты қауіпсіз орналастыру, жедел әрекет ету және құтқару жұмыстарын үйлестіру бойынша қызметтердің дайындық деңгейін арттырып, нақты тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берді.