Атырауда төрт жыл құжатсыз жүрген шетел азаматы анықталды

Атыраулық полицейлер «Заңсыз келуші-2023» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында төрт жыл бойы құжтасыз жүрген шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Қалалық полиция басқармасының №6 учаскелік полиция бекетінің учаскелік полиция инспекторлары әкімшілік аумақты тексеру кезінде, 2019 жылдан бері құжатсыз жүрген 34 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматын анықтады. 
Ол Қазақстанға төрт жыл бұрын еңбек етуге келгенін және құжаттарын белгісіз себептермен жоғалтып алғанын айтқан. Алайда құжаттарын іздеуге немесе жаңасын алуға әрекет жасамаған. 

Атыраулық полицейлер 34 жастағы шетелдікті қабылдау-тарату орнына орналастырды. 

«Жедел-профилактикалық іс-шараның басты мақсаты - қызмет көрсетілетін аумақта тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шығарып жіберу туралы сот шешімін орындамаған шетелдіктерді анықтау, заңсыз көші-қон фактілерінің, яғни, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін алдын-алу, жолын кесу»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кетейік, «Заңсыз келуші-2023» іс-шарасы 2 қазанда басталып, 8 қазанға дейін жалғасады.  

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА