Атырауда төрт түлікке қауіп төніп тұр ма?

Биыл облыста жануарлардың аса қауіпті ауруының үш ошағы анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Анықталған орындар Индер мен Құрманғазы аудандарында орналасқан. Онда шектеу және карантин шаралары белгіленіп, тиісті жұмыстар атқарылды. Мал иелеріне бюджет есебінен өтемақы төленді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламат баспасөз брифингінде мәлім етт.

Өңірлік коммуникациялар қызметі мәлім еткендей, биыл жоспарлы жұмыстарға сәйкес өңірде жануарлардың аса қауіпті 11 түрлі ауруына қарсы 3 млн 551 мың 758 доза вакцина егіліп, бруцеллез ауруына байланысты 1 млн 50 мың 940 қан сынамасы алынды. Онда анықталған ауру мал иелеріне жергілікті бюджет есебінен тиісті өтемақы төленді.

Басқарма басшысының айтуынша, облыс аумағында соңғы үш жылда улы бүйі - қарақұрт (черная вдова) көбейіп, ауыл шаруашылығы жануарлары, оның ішінде түйе малы көптеп зардап шегуде.

- Маусым-шілде айларында облыстың құмды өңірлерінде 485 түйені қарақұрт шағып, 90 бас шығын болды. Қалған 306-сы симптоматикалық емдеу нәтижесінде сауықса, 89 түйеге емдеу шаралары жүргізілуде. Өлген мал иелеріне 65 млиион теңгеден астам шығын келтірілді. Аталған жағдай жылдан жылға көбейіп, мал иелері тарапынан наразылық күшеюде, - деді А.Саламат.