Атырауда төрт түлікке арнайы бау тағылды

Атырау облысында  тасжолға жақын қожалықтардағы төрт түлікке түн уақытында жарыққа шағылысатын бау тағылды, деп хабарлайды AtyrauPress. 

Бұл шаралар жол бойында көлік тарапынан малды қағу жағдайларының жиілеп кетуіне байланысты  жүзеге асып отыр.

Республикалық маңызы бар Атырау-Орал автомобиль жолының Махамбет ауданындағы мал шаруашылық қожалықтарындағы ірі-қара малдың мойындарына жарық қайтарғыш ленталар тағу және жарық шағыстырылғыш қасиеті бар бояу шашу жұмыстары атқарылды. 

Атырау облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев тың айтуынша,  бұл шаралар жол апаттарын болдырмауға септігін тигізеді. 

- Осы орайда облыс тұрғындарынан,оның ішінде мал бағып отырған және мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруагерлерден жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, малдың қағылуына  байланысты жол апаттарының алдын алуға атсалысуларыңыз ды сұраймыз.  Өздеріңіздің ірі-қара малдарыңызға жарық қайтарғыш элементтері бар бұйымдар тағу арқылы көптеген оқиғалардың алдын алып, адамдардың өмірі мен денсаулықтарына төнетін қауіптің алдын алуға септігіңізді тигізетініңізді және өзіңіздің төрт түлігіңізді  аман алып қалатыныңызды ескертеміз, - деді Ерлан Биғамбаев .

Айта кетейік, 300 жарық шағыстырылғыш ленталар, 50 арнайы бояулар таратылып, тасжолға жақын 7 шаруа қожалық иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, меншігінде  ірі-қарасы бар 20 тұлғаға да арнайы жарық шағылыстырғыш ленталар мен бояулар таратылды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА