Атырауда төрт баланы мұз астынан шығарған полицейлер елді сүйсінтті

Бүгінгі күні қоғамда қиналған жанға көмек беріп, сүрінгенге сүйеу бола білетін жандар жетерлік. Соның ішінде халық тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін бірінші орынға қоятын, нысанды киім киіп, алдыңғы сапта қызмет ететін, адамдықты өз өмірлерінен де жоғары бағалайтын антына адал тәртіп сақшылары екені анық, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 2020 жылдың қысында кешкі уақытта бір топ бала Жайық өзені үстіне ойнауға шыққан сәтте мұз ойылып, төрт жасөспірім суға түсіп кеткен. Бір жасөспірім өз бетімен судан шығып, көмек шақыруға кеткен сәтте екінші жасөспірім шынтағымен мұзға сүйеніп тұрып, 102-ге хабарлама берген. Оқиға орнына лезде жеткен сол кездегі учаскелік полиция инспекторлары Қуандық Сүйіндіков пен Тимур Балмағанбетов дереу жағаға жеткен. Қараңғылықты айтпағанда, қалың тұманнан айналаны болжау мүмкін емес болатын. Қызметтік көлiктi өзенге қарай бұрып, жарығын пайдаланған полицейлер қалта телефонының шамын қосып, балалардың көмекке шақырып, жан дауысы шыққан тұсқа қарай бет алады. Мұз ойылған тұсты тез тауып, балаларға көмек қолын созған тәртіп сақшылары олардың бойын әбден суық билеп алғанын байқап, жедел әрекет жасады. Бiр-бiрiне қолдау көрсетіп, қауiпсiздiк шараларын сақтаған инспекторлар денесiн мұзды су қарыған балаларды жағалауға аман шығарып, дәрігерлерге жеткiзген.

Мұндай сәт әркез көмекке дайын тәртіп сақшыларының қызметінде кездесетін шым-шытырық сәттердің бірі. Ерліктің үлгісін көрсете білген тәртіп сақшылары бүгінде жас буынға үлгі боларлықтай. Тимур Балмағанбетов – бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған. 2017 жылы Батыс-Қазақстан инновациялық-технологиялық университетін бітіріп, учаскелік полиция инсекторының көмекшісі болып ең алғаш сол жылы Ішкі істер органдарына қабылданған. Қырағылы мен батылдығының арқасында адамдарға әрдайым қол ұшын соза білген. Оған дәлел үшінші қабаттан секіргелі тұрған баланы құтқарып қалғаны. 2022 жылы қараша айында Атырау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйдің үшінші қабатынын белгісіз кішкентай баланың секірейін деп тұрғаны туралы хабарлама алып, лезде оқиға орнына жеткен. Тұрғын үйдің үшінші қабатына өрмелеу арқылы төрт жастағы баланы аман-есен құтқарып қалды.

Қуандық Сүйіндіков Ішкі істер органдарында он жылдам астам қызмет етіп жүрген тәртіп сақшысы. Адами қасиеттерді басты орынға қоя білген, қиналғанға әрдайым көмекке ұмтылатын қырағы сақшы. Учаскелік полиция инспекторы кезінде өзінің әкімшілік аумағындағы тұрғындармен етене жақын араласып, олардың мұң-мұқтаждарын шешу үшін бар күш-жігерін салған. 2020 жылы 63-жастағы қала тұрғыны үйінен шығып, қайта оралмаған. Өз беттерімен іздеп таппаған туыстары полицияға хабарласады. Ұмытшақтығымен қоса басқа да сырқаты бар азаматтың түр-түсін, киген киімдерін сұрастырып алып, іздестіру жұмыстарын ұйымдастырған учаскелік полиция инспекторы көп ұзамай оның жүрген жерін анықтап, туыстарына табыс етті. «Менің қайын атам кешкі уақытта үйден белгісіз бағытта шығып кетіпті. Ол кісі ауруына байланысты үйді таба алмайды, сондықтан біз оған қатты алаңдадық. Алдымен біз атамызды өзіміз табуға тырыстық. Содан кейін полициядан көмек сұрадық. Учаскелік полиция инспекторлары Данияр Тайбуриев пен Қуандық Сүйіндіков біздің өтінішімізге бірден жауапкершілікпен қарап, іздеу жүргізді. Кешке таман олар менің қайын атамды Ақжар ауылындағы "Тоқмырза" дүкенінің жанынан тауып алып, үйге алып келді. Полиция инспекторларына үлкен алғысымызды білдіреміз және оларға зор денсаулық пен жұмыстарына табыс тілейміз!»- деп жақын туыстары өз алғыстарын білдірген.

Полиция қызметкері болу үшін төзім мен сабыр керек. Қоғам қауіпсіздігін сақтаумен бірге қиналғанға қол ұшын созып, адам өміріне араша болу үшін де біраз күш жұмсауға тура келеді. Әрине, мұндай ауыр жұмысқа үлкен жүрек иесі ғана шыдас бере алатыны сөзсіз.

Суретті түсірген: Рахым Қойлыбаев