Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында кездесу өтті

Атырау гарнизоны Әскери полиция бөлімшесі қалалық Полиция басқармасының өкілімен бірлесіп отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 41321 әскери бөлімінің жеке құрамымен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Кездесуге бөлімнің заңгері, қаржы қызметі, медициналық қызмет, бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары және әскери қызметшілердің отбасыларымен жұмыс жөніндегі қызмет өкілдері шақырылды.

Іс-шарада Атырау қаласы полиция басқармасының әйелдердің құқықтарын зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспектор полицияның аға лейтенанты Әйгерім Орақбаева нормативтік-құқықтық актілерді түсіндіріп, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық кодекстің баптарын атап шықты. Сондай-ақ әскери қызметшілерді отбасылық-тұрмыстық қылмыстар статистикасымен таныстырып, мысалдар келтірді.

- Әңгіме барысында нормативтік-құқықтық актілер ғана емес, егер сіз тұрмыстық зорлық - зомбылықтың құрбаны болсаңыз, не істеу керектігі және мемлекет көрсеткен кепілдендірілген көмек және оны алу тәсілдері туралы практикалық ұсыныстар да жеткізілді,- деді Ә.Орақбаева.

Сондай-ақ, іс-шара барысында биыл осы саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілгені, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу, және құқық бұзушылық жасалған жағдайда әрекет ету алгоритмі түсіндіріліп, проблемалық мәселелер талқыланды.

- Кездесу «Өмірді сақта» айлығы аясында өтіп отыр. Оның барысында біз әскерилер ортасында ғана емес, азаматтық ортада да өзекті тақырыптар бойынша осындай бағыттағы әңгімелер өткіземіз, - деді Атырау гарнизоны әскери полиция бөлімшесінің офицері аға лейтенант Амандық Серікбай.