Атырау облысының Мақат аудандық сотында Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігі бойынша Түркия елінің азаматы Е.Г.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Соттың баспасөз қызметінен білгеніміздей, Е.Г. 2024 жылдың мамыр айында «Атырау-Ақтөбе» тас жолында «Mercedes-Benz» маркалы автокөлігін басқарып, арақашықтықты сақтамай, бір бағытта алдыңғы қатарда қозғалып бара жатырған жәбірленуші А.Н.-ның басқаруындағы «Toyota Camry» маркалы автокөлігіне соқтығысқан. Соқтығыс секпіні салдарынан «Toyota Camry» маркалы автокөлігі жәбірленуші Ш.Х.-ның басқаруындағы «Toyota Camry» маркалы автокөлігіне соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде екі автокөлікке де материалдық шығын келтірілген. Сот отырысында Түркия азаматы Е.Г. кінәсін мойындап, әрекетіне өкінетінін айтты. Жәбірленушілер қазіргі уақытта құқық бұзушымен келтірілген шығынның өтелмегенін айтты. Е.Г.-нің кінәсі сот отырысында зерттелген дәлелдемелермен өз дәлелін тапты.
ӘҚБтК-тің 610-бабының 1-бөлігінің санкциясында 20 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жаза көзделген.
Сот қаулысымен Түркия азаматы Е.Г. әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 73 840 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Фото: ru.freepik.com