Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәлім етуінше, ол жол-көлік оқиғасын жасаған. Соның салдарынан үш адам қаза тапқан, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында Махамбет аудандық сотының Түркия Республикасының азаматы Д.-ға қатысты үкімі апелляциялық тәртіпте қаралды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы азамат көлік жүргізгенде жол жүрісі және көлік құралын пайдалану қағидаларын бұзып,абайсызда үш адамның өліміне себепкер болған. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды (ҚК-тің 345-бабының 4-бөлігі).
Оған 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан және 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
«Іс апелляцияда сотталған Д.-ның қорғаушысының апелляциялық шағымы бойынша қаралды. Ол сотталғанға тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұраған. Бірінші саты сотымен сотталғанға жаза кінәні мойындау туралы процестік келісім негізінде тағайындалған. Сот тарапынан процестік келісімнің негізділігі тексерілді. Алқа сотпен тағайындалған жаза мерзімін төмендетуге немесе жазаны жеңілдетуге негіз жоқ деген қорытындыға келеді. Алқа сотталғанның жеке басын зерделеп, оның жасаған қылмысының сипаты мен дәрежесін, қылмыс зардабы үш адамның өліміне әкеп соққанын ескеріп, бірінші сатыдағы сотпен оған жеке басына, жасаған әрекетіне сай заң шеңберіндегі жаза тағайындалған деп тұжырымдаған», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сот алқасының шешімі бойынша сот үкімін өзгеруге немесе оның күшін жоюға негіздер анықталмағандықтан қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Эльмира Мықтыбаева
Фото: freepik.com