Атырауда тәркіленген екі тонна бекіре қайтадан теңізге жіберілді

Маңғыстаулық шекарашылар браконьерлерден 300-ден аса бекіре және 200-ге жуық ұсақ тұқымды балықты тәркілеген. Осылайша мемлекетке келетін 817 млн теңге шығынның алдын алған, деп хабарлайды BAQ.

Бұл қазан айы басталғалы бері он күннің ішінде Каспийде жүргізілген шаралардың нәтижесі. Теңіз сақшылары су бетінен ұзындығы 74 шақырымға жететін браконьерлер құрған ауды жинапты. Атыраулық шекарашылармен бірігіп атқарылған рейд кезінде көші-қон заңнамасын бұзған 18 адам ұсталып, үш қайық тәркіленді. Мамандар Каспийдің биоортасын қорғауға бағытталған шара жыл соңына дейін жалғасатынын айтты.

"Заң бұзған азаматтарға 520 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Теңізге жіберілген бекіре балығының жалпы салмағы 2 тоннадан асады. Жеделпрофилактикалық алдын алу шаралары жалғасуда. Күзет шекара кемелері мен қайықтары, шекара бөлімшелері мен техникалық бақылау топтары күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр", - деді ҚР ҰҚК шекара қызметі жағалау күзеті басқармасының аға офицері Дәурен Оразов.

Фото:atr.kz