Атырауда тұратын шетелдік қазақ қызына үйленді

Қазақ тілін үйреніп жүрген америкалық азамат етті ерекше жақсы көретінін айтты, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Америкалық Николас Драпоның Қазақстанда тұрып жатқанына біраз уақыт болған. Тіпті, ол қазақ аруымен некелесіп, отбасында екі сәби тәрбиелеп отыр. Бұл туралы Massaget.kz жазады. Николас бешбармақ, бауырсақты ерекше жақсы көретінін айтты.

"Сонымен қатар, маған тойдан салып жіберетін сарқыт ұнайды. Таңертең тоңазытқышты ашқанда бауырсақ, алма, басқа да тәттілер бір-біріне араласып жатады. Қайсысының дәмін татсаң да ерекше дәмді", - дейді ол.

Николасты қазақ сөздерінің ерекше мағынасы да таң қалдырған.

"Мәселен, ағылшын тіліндегі "umbrella" сөзінің қазақша мағынасы қолшатыр. Ол қол әрі шатыр деген екі мағынаны береді. Ерекше сөз", - дейді Николас.

Қазаққа күйеу бала болып келетін Николас "сәлем", "сау бол", "шәй ішесің бе?", "бері кел" деген сияқты сөздерді күнделікті қолдануды үйреніп алған.

"Әйелімнің туыстары өте көп. Маған қазақтың тойына, қонақтыққа барған өте қатты ұнайды" дейді ол.