Атырауда түн ортасында көше кезген 142 жасөспірім анықталды

Атырауда түнгі уақытта ата-ана қарауынсыз жүрген 150-ге жуық жасөспірім анықталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Балалар мен жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу - қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің беймезгіл уақытта компьютерлік ойын сауық орындарында, дәмханаларда, көше бойында жүретіндері жасырын емес. Бұл мәселе қазіргі кезде тәртіп сақшыларының басты бақылауында. Осы орайда, Атырау облысы аумағында 29 сәуір- 5 мамыр аралығында «Жасөспірім және жауапкершілік» профилактикалық шарасы өтуде. Полиция қызметкерлері беймезгіл уақытта үй-жайдан тыс жүрген жасөспірімдерді анықтап, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Айта кету керек, іс-шара басталғалы 170-ке жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңының 442 бабы 2 бөлігі бойынша (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінсіз еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс болуы) 142 хаттама толтырылды.

Сондай-ақ, жасөспірімдердің қатысуымен орын алатын қылмыстық құқықбұзушылықты болдырмау мақсатында білім беру ұйымдарымен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.

"Құрметті ата-ана! Балалардың жазғы демалысқа шығуына санаулы күндер қалды. Тәжірибе көрсеткендей жасөспірімдердің оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтарға тап болу себебі олардың көбіне бос уақыттарын тиімді пайдаланбауынан туындайды. Сондықтан, жасөспірім балаңыздың түнгі уақытта көше кезуі мен қоғамдық орында қараусыз жүруі қауіпті екенін ұмытпаңыз. Балаңыздың бүгінгі қауіпсіздігі - ертеңгі алаңсыз болашағы" деп ескертеді полиция қызметкерлері.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ