Атырауда суретшілер симпозиумы басталды

Атырауда «Бабаның көзі, дананың сөзі – домбыра!» тақырыбындағы республикалық суретшілер симпозиумы басталды деп хабарлайды ATPress.kz.

«Атырау-Ақпарат» медиахолдингінде өткен баспасөз мәслихатында еліміздің әр өңірінен жиылған суретшілер симпозиум тақырыбын талқыға салды.

- Қазіргі уақытта музейімізде домбыраға қатысты туындылар аздық етеді. Шілде айының алғашқы жексенбісіне келетін Домбыра күні мерекесіне арнап ұйымдастырып отырған шара нәтижесінде қорымыз жаңа шығармалармен толысады деген ойдамыз. Өйткені, бұнда республикамыздың түкпір-түкпірінен қатысып отырған танымал 15 суретші екі туындыдан ұсынады. Бұл - қорымыз 30 картинаға толығады деген сөз, - деді жиынды ашқан Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы.

- Симпозиумда домбыра тақырыбы ұсынылып отыр. Бұл - қиын әрі қызық. Домбыраның мазмұндық ауқымы өте кең екені белгілі. Өйткені, оны қазақтың болмысынан бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Сондықтан бәрі суретшілеріміздің тақырыпты ашуына байланысты бағаланса керек, - дейді Сыр өңірінен келген суретші Амангелді Кененбаев.

Шымкент қаласынан келген қылқалам шебері Қарлығаш Қансейіттің негізігі мамандығы мұғалім. Осы өнер мерекесіне шақырған ұйымдастырушыларға алғысын айтқан ол бұл шарадан рухани әсер алатынына сенімді.

- Симпозиум - мен үшін үлкен мереке. Онда көптеген өнер иелерімен танысамыз және шығармашылық байланысымызды нығайта түсеміз. Домбыра тақырыбын суреттеу керектігін естігенімде толғанып біраз жүрдім. Әртүрлі өнер иелерімен тідесіп, көп ізденуге тура келді. Бірақ, өнердің осы бір тынымсыз тірлігі өзіме қатты ұнайды. Ең бастысы, осы керемет өнер жәрмеңкесіне шақырту алғаныма қуаныштымын, - дейді ол.

ҚР Суретшілер Одағының төрағасы Өмірбек Жұманиязов бұл симпозиумның ерекшелігіне тоқталып, домбыра тақырыбында алғаш өтіп отырған өнер мерекесінде әріптестеріне сәттілік тіледі. Баспасөз мәслихатын қорытындылаған Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің директоры Төлеген Орынбасарұлы меймандарға белгілі композитор, суретші Илья Жақановтың сәлемін жолдады.

Айта кетейік, симпозиум облысы әкімдігі мен мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен, Атырау облысы Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен өтуде.