Құрманғазы ауданында мұз ойылып, суға батып кете жаздаған әйелді құтқарған полиция қызметкері мен батылдық танытқан азамат марапатталды, деп хабарлайды AtyrauPress.
«ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Саденовтың бұйырығымен қызмет барысында ерлік көрсеткен полиция бөлімінің қызметкерлері - тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан, патрульдік полиция бөлімшесінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев және учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев пен көмек қолын созған азамат Әди Бектеміровке «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі табысталды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Атырау облысы полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Нұрхат Оразбаев марапаттау сәтінде полиция қызметкерлерінің жетістіктерін ерекше атап өтті.
Еске салайық, былтыр 25 желтоқсанда кешкі уақытта Құрманғазы ауданы Шарон өзені үстіне қатқан мұз үстімен жүріп өтпек болған әйел суға кете жаздады. Бұл туралы хабар алған аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тез арада оқиға орнына жетті.
Полицейлер мұз үстіне шыққан кезде, көмекке келген ер адамның да мұз ойығына түсіп кеткен. Сол сәтте көмекке келіп, суға кеткен әйел адам мен оны құтқаруға оқталып, өзі де ойылған мұз құрсауында қалған ер адамды құтқарып қалған. Айта кету керек, жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан кезде мұз ойығы одан әрі ұлғая түскен. Соған қарамастан, аязды күні 27 жастағы азамат пен полиция қызметкері әйелді жағаға шығарған еді.
Эльмира Мықтыбаева