Атырау қаласындағы Жайық өзеніне шомылуға барған ағайынды жігіттер 13 маусым күні кешкі уақытта суға батып кеткен болатын. Біреуі төрт күннен соң табылса, ал екіншісін әлі күнге дейін сүңгуірлер іздеп жатыр, деп хабарлайды AtyrauPress.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, баланың денесін іздеу бір айдан бері жалғасып жатыр. Күн сайын сүңгуірлер суға кеткен баланың денесін табу мақсатында суға сүңгуде. Бұл ретте 2 қайық пен 6 құтқарушы жұмылдырылған.
Еске салайық, 13 маусымда қаланың іргесіндегі Геолог елді мекенінің тұсында бір топ жасөспірім Жайық өзенінің шомылуға тыйым салынған белгі орнатылған жерінде суға түскен. Сол кезде 2007 және 2008 жылы туған жасөспірімдер суға батып кетті. Төрт күннен соң, яғни 16 маусымда сағат 15:10 шамасында балалар суға батқан жерден 20 метр қашықта сүңгуірлер 15 жастағы жасөспірімнің денесін тапқанын хабарлады. Олар бір-біріне немере ағайынды болып келеді.
Атырау облысында шомылуға қауіпті 70 учаске бар. Атырау қаласында – 17, Индер ауданында – 10, Махамбетте 19, Құрманғазыда – 2, Жылыойда – 7, Қызылқоғада ауданында 15 қауіпті учаске бар. Адам өміріне қауіпті су айдындарында 238 тыйым салу белгісі мен 9 ақпараттық стенд орнатылған.
Биыл жыл басынан бері 8 адам суға батса, ал 4 адам құтқарылды. Былтыр 20 адамды су жалмаған.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА