Атырауда судың бағасы көтерілмек

«Атырау облысы Су Арнасы» кәсіпорны 1 қыркүйек пен 30 сәуір аралығында Атырау қаласы мен мақат ауданы бойынша су беру, қалдық су сору жұмыстарына жаңа тариф бекітілмек, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Кәсіпорын басшылығы осылайша қызметкерлердің жалақсын өсіруге мүмкіндік жасалатынын жеткізді. Яғни, елімізде қазір коммуналдық қызмет саласы бойынша маман тапшылығы мәселесі өткір тұр. Атырау өңірінде алпауыт мекемелердің барын ескерсек, білікті мамандардың жетіспей жатқаны айтпаса да түсінікті. Оларды аз жалақымен жұмыста ұстап қалу қиын.

 – Атырау қаласы және Атырау облысы Мақат ауданы бойынша суды таратушы желілер және магистральдық құбырлар арқылы беру, сарқынды суларды бұру және сарқынды суларды тазарту бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтеріне 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2028 жылдың 30 сәуіріне дейін жаңа тарифтер енгізіледі. Соңғы жылдары Қазақстанда коммуналдық саланың құлдырауы туралы мәліметтер көбейгені байқалуда. Бұл туралы ел Президенті де бірнеше рет айтқан болатын. Ал саладағы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне әсер ететін мәселелердің бірі – кадрлардың көп ауысуы.  Атырау облысындағы тәжірибелі мамандарды қажет ететін түрлі, соның ішінде ірі компаниялардың қызметін ескерсек, коммуналдық кәсіпорындарда жалақысы әлдеқайда төмен қызметкерлерді ұстау өте қиынға соғады. Осыған байланысты бірқатар мәселелер туындайды. Төмен жалақы, сәйкесінше, кадрлардың жоғары ауысуына ғана емес, сонымен қатар қызметкерлердің мотивациясының болмауына әкеледі, компанияның тұрақтылығына және көрсетілетін қызметтердің сапасына қауіп төндіреді.

Ағымдағы жылдың наурыз айында тарифтерді қалыптастыру Қағидасына ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен өзгерістер енгізілді. Бір жылдағы статистика деректері бойынша қалыптасқан қаладағы экономикалық қызмет түрлері бойынша бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысының өзгеруі негізінде субъект жылына бір рет реттелетін қызметтерге тарифті өзгертуге құқылы. Қолданыстағы тарифте кәсіпорын қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы Атырау облысының стат.деректері бойынша жалақысына сәйкес келмейді. Сондықтан қызметкерлердің жалақысын сәйкестендіру үшін "Атырау облысы Су Арнасы" КМК уәкілетті органға тарифті өзгертуге өтінім берді. Өтінімді қарағаннан кейін Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Атырау облысы бойынша Департаменті реттелетін қызметтерге жаңа тарифті бекітті. Смета шығыстарында 2022 жылғы Атырау облысы бойынша еңбек көрсеткіштеріне сәйкес өндірістік және әкімшілік персоналдың жалақысы бойынша шығын баптары ғана өзгерді, - деп түсіндірді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Александр Пастухов.

Міне, сондықтан да мекеме тарапынан тариф мөлшерін өзгертуге ұсыныс жасалған. Сәйкесінше ол қабылданып, жаңа триф бекітіліп отыр. Енді 1 қыркүйектен бастап жаңа тариф енгізіледі. Ол алдағы бес жылға есептелген.

Айта кетейік, бұрын тұрғындар судың 1 текше метріне 89,23 теңге төлесе, енді бұл сома 108,98 теңгені құрайды. Ал, су сору 34,75 теңгеден 59,08 теңгеге өспек.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ