Қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдарынан Атырау облысында биыл 1, ал былтыр 3 адам мұз астына батып кетті. Бұл туралы Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтылды.
Атырауда ауа райының жылып кетуіне байланысты Жайық өзені бетіне қатқан мұз ери бастады. Өкінішке қарай, әуесқой балықшылар мұз үстінде су маржанын аулауды, ал қалалықтар өзенді кесіп өтуін, қала берді бала-шағамен серуендеуін тоқтатар емес. Ал мұның соңы қайғылы оқиғаларға ұласып жатыр. Осы ретте, облыстық ТЖД бастығының орынбасары Асхат Ержанов қауіпсіздік шаралары мен осы бағытта атқарылған жұмыстары туралы айтты.
- Азаматтардың судағы қауіпсіздік талаптарын бұзуына жол бермеу, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске сәйкес жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда заң бұзушыларға жалпы сомасы 1 млн. 504 мың 673 теңгеге 330 хаттама жазылды. Өткен жылдың қысқы кезеңінде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері еріктілермен бірлесіп 4120 рет рейдке шықты және 8951 жадынама таратылды. Облыстық ТЖД алдын алу шараларын, атап айтқанда түсіндіру, парақшалар тарату, тексеру секілді шараларды үздксіз өткізіп жатыр. Облыста 238 тыйым салу белгісі мен 11 ақпараттық стендті қойылды, - деді А.Ержанов.
Естеріңізге сала кетейік, Атырау облысы аумағында былтыр қыста 3 қайғылы оқиға тіркелді. Оның алғашқысы 24 қаңтарда 9 жасар Үндістан азаматы ересектердің қарауынсыз қалып, Перетаска каналында ойнап, мұз астына батып кеткен. Екінші жағдай 25 ақпанда Жылыой ауданы Құрсай өзенінде 1976 жылы туған азамат балық аулау кезінде суға кетті. Ал үшінші оқыс жағдай 1 қараша күні Құрманғазы ауданы Шарон өзенінде 53 жастағы азамат мұз үстінде балық аулап, суға батып кеткен. Ал биыл 5 қаңтарда Атырау қаласы Жайық өзенінде 1975 жылы туған азамат балық аулау кезінде суға батып, мерт болды.