«Ауыл» партиясының Атырау облысы бойынша өңірлік филиалы мен Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен студенттік жастар жасақтарының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Іс-шара Жеңіс саябағындағы «Мәңгілік алау» алаңында ұйымдастырылды. Оған Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Мақсатұлы, облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, Білім басқармасы, «AMANAT» партиясының төрағасы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті мен О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы-техникалық колледжінің оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдар қатысты.
Салтанатты шара барысында жастар еңбек жасақтарының төрт негізгі бағыты таныстырылды:
• Құрылыс жасағы;
• Экология жасағы;
• Сервис жасағы;
• Механикаландырылған жасақ.
Жасақтар сап түзеп, дайындықтарын көрсетті. «Ауыл жастары» Жастар қанатының төрайымы Айдана Сатымова және штаб төрағасы Нұртас Жарылғасынұлына жастардың еңбек маусымына толық дайын екенін баяндады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қою рәсімімен жалғасты.
Сөз алған спикерлер жастардың еңбекке араласуы мен белсенділігінің артуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, өңірлік оқу орындары мен жұмыс беруші мекемелер арасында үшжақты меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Аталған келісімдер жастарды тәжірибеден өткізу, жұмысқа тарту және еңбекке бейімдеу бағытында нақты қадам болмақ.
Айта кетейік, еліміздегі үлкен саяси партияның бірі «Ауыл» партиясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Партиямыз ел көлемінде үлкен істердің атқарылуына мұрындық болып келеді. «Ауыл» партиясы 2024 жылы еліміздің бірқатар өңірлері су тасқынынан зардап шеккен кезде Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет студенттік және жастар жасақтарын жасақтап, табиғи апат салдарынан зардап шеккен тұрғындар үшін көмек қолын созған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы мәслихат депутаттарының форумында сөйлеген сөзінде осындай игі бастамаға үлкен баға беріп, қолдау көрсетті.