Атырау қаласындағы Алмагүл ықшамауданында орналасқан №79 түзеу мекемесінде колледжді аяқтаған әйелдерге диплом тапсыру рәсімі өтті.
Бүгінде аталған мекемеде шамамен 300 әйел жазасын өтеуде. Соның ішінде биыл 91 сотталған әйел арнайы орта білім туралы дипломға ие болды.
Олар сұранысқа ие мамандықтар — аспаз, кондитер, тігінші және шаштараз бойынша білім алып шықты. Сабақтар қазақ және орыс тілдерінде жүргізілді, оқу үдерісіне теориялық және өндірістік тәжірибе енді. Үздік шыққан түлектер алғыс хаттар және мақтау қағаздарымен марапатталды. Салтанатты шара барысында түлектер ұстаздарына алғысын білдіріп, бостандыққа шыққан соң бұл мамандықтардың өмір жолын жаңадан бастауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шараға түзеу мекемесінің қызметкерлері, колледж оқытушылары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Жақсы оқып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан студенттер жеке марапатқа ие болды.
Алынған дипломдар әйелдерге бостандыққа шыққан соң мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, жаңа өмір бастауға жол ашады.