Атырау облыстық кардиология орталығының дәрігерлері 5 жыл ішінде 200-ге жуық адамның жүрегіне құрылғы орнатты, деп хабарлайды ATPress.
Дәрігерлердің айтуынша, жүрек ауруын емдеудің бірден бір жолы – дер кезінде ота жасау. Осы ретте атыраулық кардиохирургтар 2018 жылдан бері науқастардың жүрегіне кардиовертер-дефибрилляторы мен CRT-D импланттарын қондырды.
Облыстық кардиология орталығы директорының орынбасары Сандуғаш Жұмағалиеваның айтуынша, қан айналымы жүйесі ауруынан болатын өлім-жітім саны жыл басынан бері 3,5 %-ға төмендеген.
-Біз жүргізген емдеу шараларының нәтижесінде өлім саны азайып келеді. Кардио орталықта 150 төсекке шақталған кардиологиялық, кардиохирургиялық, қан тамырлары және аритмология бөлімшелері жұмыс істейді. Орталық заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Науқастарға уақытылы ота жасау арқылы ишемиялық инсульттен, жүрек қағысының бұзылуынан және миокарда инфарктынан құтқару үшін 38 дәрігер еңбек сіңіруде, - деді С.Жұмағалиева.
Қазіргі уақытта онкология орталығында біртіндеп жүрек клапандарын протездеу оталары енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, электрокардиостимуляторларды, кардиовертер-дефибрилляторы импланттарын қондыру, перифериялық тамырларға ота жасау, абдоминальды жүрек-қантамырлары және таракальды кардиохирургияда эндовидеохирургиялық операцияларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Сондай-ақ, балалар хирургиясы бөлімшесін ашу да жоспарда бар.