Атыраулықтар жағымсыз иісті жиі сезетін болды, деп хабарлайды AtyrauPress.
Осы ретте облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев қаланы жайлаған жағымсыз иіске байланысты түсінік берді.
"Соңғы күндері қалада күлімсі иіс таралып жатыр. Иістің жайылу себебін анықтау мақсатында қоршаған ортаны қорғауға жауапты мемлекеттік органға шұғыл әрекет ету тапсырылды. Мамандардың пайымдауынша, солтүстік бағыттан жел соққанда "Квадрат" булану алаңының иісі қалаға келеді. Ал, "Квадратта" иістің жайылу себебі - оны тазалау жұмыстарымен байланысты. Қазіргі уақытта әкімдіктің тапсырысымен "Квадратты" тазалау, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде, - деді Ж.Бисембиев.
Атырау қаласының оң жағалауындағы бұл жобаны «Павлодар өзен порты» компаниясы былтырғы тамыздан бері қолға алған. Жоба жетекшісі Ринат Саймовтың айтуынша, осы кезге дейін екі тұндырғыш бөгеті салынған. Жалпы көлемі 1 700 000 текше метр тұнбаның 500 мың текше метрі айдалды. Қазір 402 шақырымға 710 мм коллектор желісінің тұрбасын, резервуарлар салу жұмыстары жүріп жатыр. Онда құнарлы топырақ төселііп, алдағы уақытта көшеттер егілмек.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА