Атырауда соққыға жығылған студенттің видеосы тарады

Бұл туралы қалалық полиция басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

28 желтоқсан күні 13:00 шамасында Атырау политехникалық колледжінің 2006 жылы туған 1-курс студентінің соққыға жығылғаны анықталған. Құқықбұзушылық жасады деген күдікпен сол оқу орнының бес студенті полиция бөліміне жеткізілді. Жәбірленуші студент облыстық аурухана жеткізіліп, жеңіл дене жарақатын алғаны анықталды.

Тиісті тергеп-тексеру басталды.

"Соңғы күндері студенттер мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық фактілері, соның ішінде жаппай төбелесу фактісі орын алды. Аталған жағдайларға байланысты Полиция басшылығының қатысуымен колледж директорларымен арнайы жиын өткіздім. Шұғыл арада студенттер арасында профилактикалық шараларды күшейтуіміз қажет. Полиция инспекторларымен және участкелік инспекторлармен бірлесіп, әр оқу орнында маргиналды мінез-құлық көрсететін студенттермен жүйелі жұмыс жасау керектігі ескертілді. Тәрбие жұмыстарының сапалы жүргізілуіне директорлардың жеке жауапкершілігі баса айтылды. Жастарымыздың білімі мен тәрбиесіне оқу орындарының жауапты екенін әріптестеріміз естен шығармауы тиіс. Биылғы жылы Білім беру басқармасының жанынан осы жұмысты үйлестіру мақсатында арнайы Тәрбие орталығы құрылды" дейді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ