Атырауда облыстық Көліктік бақылау инспекциясы және қалалық Кірістер басқармасы тіркелмеген салық төлеушілерді анықтау бөлімінің мобильді тобымен рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
- Рейдтік іс-шараларда негізінен шағын көлемді су көлігін, жолаушыларды тасымалдайтын кемелер мен қайықтарды қауіпсіз пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Акцияның мақсаты - жүзу маусымы кезінде шағын көлемді кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, деді облыстық Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Жомарт Құспанов.
Оның сөзінше, қарапайым ережелерді сақтау – адам өмірінің қауіпсіздігі болмақ. Яғни, су көлігін мас күйінде басқаруға болмайды және судан құтқару кеудешесін кию міндетті болып табылады. Сондай-ақ, пайдалану ережелеріне сәйкес жылдамдықты асырмайтын жағдайда ғана қауіпсіз болады. Оған қоса Ж.Құспанов су көліктерінің куәліксіз және борттық нөмірсіз жүруі заңға қайшы екенін баса айтты. Ал, жыл сайын барлық кемелер кеме билеттерінде тиісті белгілері бар техникалық куәландырудан өтуі тиіс.
Облыстың су айдындарында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында инспекция қызметкерлері шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзудың 17 фактісін анықтаған. Олардан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне сәйкес, жалпы сомасы 245 мың 40 теңгеге әкімшілік айыппұл өндірілген.
Естеріңізге сала кетейік, өңірде осы жылдың 1 маусымы мен 31 тамызы аралығында «Скутер» акциясы өтуде.