Атырауда синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи құрылғы алынады

«Тромодол» есірткі қатарына енгізілгенімен дәріханалық нашақорлыққа жататын препараттардың өзге түрлері пайда болды. Осы жағдайға байланысты мамандар күдікке ілінген адамның ағзасынан дәрілік есірткіні анықтау мүмкін болмай отырғанын жеткізді. Ол үшін синтетикалық есірткінің жаңа түрін анықтайтын заманауи құрылғы қажет.

Бұл мәселелер Атырау облысы  әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің төрағалығымен өткен нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі өңірлік ведомствоаралық штаб отырысында айтылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Күн тәртібінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл мен профлактикалық  жұмыстарды жүргізу мәселелері қаралды.

Жиын төрағасы Жасұлан Бисембиев синтетикалық есірткімен күрес жолында қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін алға тартты. Өңірдегі есірткі саудалаушылардың бірқатары қоғам белсенділерінің араласуымен анықталғаны ашық айтылды.

- Барлығыңызға белгілі қазіргі таңда қоғамды мазалайтын басты мәселелердің бірі - ол нашақорлық және есірткі бизнесі. Өкінішке орай, есірткінің синтетикалық және өзге де ауыр түрлері біздің облысымыда  бар. Аналитикалық мәліметтерге сәйкес облысымызда есірткімен байланысты қылмыстардың өсімі орын алып отыр. Есірткі құралдары мен психотпроптық заттардың түрлері күннен күнге көбейіп барады. Қазіргі таңда олардың саны 350-ден асты. Бүгін аталған проблемалық мәселелер жауапсыз қалмауы тиіс. Ата-аналармен бірлескен жиындар жиі ұйымдастырылуы тиіс. Онда ата-аналар баланың синтетикалық есірткі пайдаланып жүргенін қалай анықтауға болады деген сұрақтарға толық жауап алуы қажет. Бұл ретте штаб мүшелері қоғамдық бақылауды күшейтіңіздер, белсенділермен бірлесіп жұмыс атқарыңыздар, проблемалық ахуалды ашық жеткізіңіздер, - деді Ж.Бисембиев.

Ал, облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Роман Ермұханов есірткімен күрес іс-шараларына кедергі болатын проблемалық ахуалдарды тізбектеді.

- Қолда бар зерттеу құралдар есірткінің белгілі түрлерін анықтаумен шектеліп, барлық түрлерін айыра алмайды. Сондықтан, заманауи жаңа құрылғы қажет. Бұдан бөлек, облыс аумағындағы сора шөбін өсіру алқаптарын анықтап, жоюға арналған республикалық «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы кезеніңде тік ұшақ пен алыстан бақылау үшін өздігінен ұшатын дрон аппаратының қажеттілігі туындайды. Интернет арқылы жасалатын есірткі саудасына дең қою мақсатында ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар жетіспейді, - деді Р.Ермұханов.

Ж.Бисембиев бұл тізбектегі проблемалық ахуалдарға жеке-жеке тоқталды. Соның ішінде, синтетикалық есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын  заманауи құрылғыны алу кезек күттірмеуі қажет екенін айтты. Осыған орай облыстық бюджеттен қажетті қаржы қаралатынын жеткізді.

Айта кетейік, соңғы 5 айда облыстық Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 45 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтап, заңсыз айналымнан жалпы салмағы 5 келіге тартатын есірткі затын тәркілеген. Сондай-ақ, уытқұмарлық заттарын жарнамалайтын 15 сайт анықталып, бұғаттауға жолданған.