Атырауда шілдеден бастап мүгедектердің көмекшілеріне де жолдама беріліп жатыр

Бұл туралы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биыл шілде айынан бастап І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар және мүгедектігі бар балалар мен жеке көмекшілеріне және ілесіп баратын адамдарға 14 күнге санаторий-курорттық жолдама қарастырылған.


-Жеке оңалту бағдарламасына сәйкес, барлық топтағы мүгедектігі бар адамдар тегін жылына бір рет 14 күнге санаторий-курорттық жолдамамен қамтамасыз етіледі. Бұрын І топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар көмекшілері үшін өз қалталарынан қаржы жұмсайтын болса, енді ол қаражат мемлекет тарапынан қаралып отыр. Ілесіп баратындар Атырау қалалық және аудандық жұмыспен қамту бөлімдеріне жолығу қажет. Санаторий-курорттық жолдаманы Әлеуметтік қызметтер порталынан өздерінің электронды цифрлық қолтаңба арқылы үйден ала алады немесе қалалық, аудандық жұмыспен қамту бөлімдерінде, округтерде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарындағы мамандардың көмегімен ала алады. Порталда ҚР бойынша 60 астам санаторийлер орналасқан, соның ішінде Атырау санаторийі де бар, деді А.Мәмбетов.


Айта кетейік, өңірде 24 006 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Жыл басынан бері олардың 4650-ы әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өтініш берген, оның ішінен 1506 адам демалып келген, ал 2209 адам санаторийлерді таңдап, бронь жасап қойған.