Атырауда шетел азаматы заңды бірнеше рет бұзғаны үшін елден шығарылды

Махамбет аудандық сотының ақпаратына сәйкес, Өзбекстан азаматы қайталап заң бұзғаны үшін елден шығарылды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Атырау облысының Махамбет аудандық сотында Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Өзбекстан Республикасының азаматына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.

Ол бұрын Қазақстан Республикасының халықтың көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған.

«Шетел азаматы 2023 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасы аумағына жеке мақсатпен келіп, еңбек қызметін жүзеге асыруға жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз жұмысшы ретінде ЖШС-не жұмысқа орналасып,  еңбек қызметін жүзеге асырған. ӘҚБтК-нің 517-бабының 7-бөлігінің санкциясында Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жібере отырып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген», - делінген баспасөз хабарламасында.

Сот қаулысымен Ю. кінәлі деп танылды. Сонымен қатар оның 63 жастағы азамат екені ескеріліп, оған әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылмай, ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енді.

 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Фото:freepik.com