Талғайраң-2 ауылында жел салдарынан тұрғын үйге келген шығынды бағалап, табиғи апаттың салдарын жою үшін комиссия құрылады. Бұл туралы қала әкімі Шәкір Кейкін тұрғындармен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды AtyrauPress қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
15 шілде күні сағат 21:30 шамасында Талғайраң-2 ауылында нөсер мен желдің салдарынан тұрғын үйлердің шатыры ұшып, электр бағанасы құлап, электр жарығынан ажыратылған болатын.
Оқиға орнына округ әкімі, жауапты мекемелер барып, қалалық әкімдіктің тапсырмасына сай, АҚ «Атырау Жарық» қызметкерлері электр энергиясын түнгі 3:30 да толығымен қалпына келтірді. Қолайсыз жағдайдан адам өміріне қауіп төну фактісі орын алған жоқ. Тек шатыры ұшқан 3 үй электр энергиясынан ажыратылды.
16 шілде күні Талғайраң-2 ауылына 11:00-де апат орын алған жерге қала әкімі, орынбасары, округ әкімі және жауапты бөлімдер, «Арнаулы автобаза» және ТЖД қызметкерлерімен барып, мән-жаймен танысып, сағат 16:00-де аталған жерге мердігер мекемелерді және шатыры ұшқан 3 үй кепілдіктікте тұруына байланысты АҚ «Отбасы банкі» Атырау филиалы басшысының орынбасарының қатысуымен тұрғындармен мәселені шешудің заң талаптарына сай оңтайлы жолын қарастырды.
Осы мақсатта әкімдікпен тұрғындардың және жауапты мекемелерден комиссия тобы құрылатыны жөнінде шешім қабылданды. Қосымша зардап шеккен үш үйді қалпына келтіру мақсатында алдын ала техникалық тексеру және де ақаулық ведомствоны жасау жоспарланды. Аталған мәселе қала әкімінің бақылауында болатыны тұрғындарға жеткізілді.