Атырауда шаруалардың дабылынан соң каналдарға төрт түлік үшін су жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облысында төрт түлікке қажетті судың тапшылығы байқалып отыр. Әсіресе, Индер ауданындағы Бағырлай, Алғабас-Жорық каналдарында су азайған. Шаруа қожалығының жетекшілері каналдағы қатқан мұзды ойып, мал суаруға әрекет жасаған. Ал, Атырау қаласының маңындағы Қайыршақты ауылдық округіндегі шаруа қожалығының иелері Қарғалы каналында су жоқтығын айтып, дабыл қаққан.
Қазір Индер ауданындағы Бағырлай, Алғабас-Жорық, Ақсай каналдарына су жіберу жұмысы қолға алынды. Бұл жұмысқа 22 қызметкер мен 3 техника тартылған. Қайыршақты ауылдық округіндегі Қарғалы каналына да су келген.
«Технологиялық циклде электр және жылу энергиясын өндіруге қолданылған буды салқындату үшін Жайық өзенінің суы пайдаланылады. «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ның Жайық-Каспий бассейндік инспекциясынан наурыз-қараша айлары аралығында Приморск суару жүйесіне су ағызуға арнайы рұқсаты бар. Кәсіпорын 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін айналымды сумен жабдықтау жүйесінде жұмыс істейді. Осы кезеңде пайдаланылған суды ағызуға тыйым салынады», - деп хабарлады Атырау облысы энергетикалық кешенінің баспасөз қызметі.
Алайда, аталған кәсіпорын өкілетті органнан Қайыршақты ауылдық округіндегі фермерлік қожалықтар үшін су ағызуға уақытша рұқсат беру туралы өтініш білдірген. Рұқсат алғаннан кейін Қарғалы каналына су жіберілген.