Атырауда шала туатын нәрестелердің қатарында егіздер көп

Атырауда шала туып, жансақтау бөліміне түсетін нәрестелер көбейді.

Соңғы уақытта жүкті аналар арасында ерте босану жағдайлары артып отыр. Мәселен, Атырау қалалық перзентханасында жылына 270 шақалақ  жансақтау бөлімінде емделіп шығады.

Атырау қалалық перзентханасының директоры Гүлзейнеп Дүсіпованың айтуынша, осыған дейін жансақтау бөліміне жылына шамамен 180-200 бала түсіп келген болса, соңғы жылдары бұл статистика өзгерген. Туа сала реанимацияға түсетін сәбилердің саны 70-80-ге дейін артып отыр.

Жансақтау бөліміне түсетін сәбилердің көбеюінің бір себебін мамандар мерзімінен бұрын босану дерегінің артуымен байланыстырып отыр. «Пандемия аналардың денсаулығына кері әсер етті. Аналардың кезінде коронавируспен ауыруы, медицина тілімен айтқанда, постковидтік жағдай ерте босану жағдайларын көбейтіп отыр.

- Егер, пандемияға дейін ерте босану дерегі жылына орта есеппен 120 рет тіркелген болса, бүгінде ерте босанушылар саны 154-ке дейін жетіп отыр. Ерте өмірге келетін сәбилердің қатарында егіздер көп. Мұндай балалар көп жағдайда аз салмақпен туылады. Осындай кезеңде сәбиге алғашқы реанимациялық көмек көрсету өте маңызды, – дейді Гүлзейнеп Дүсіпова.

Өткен жылы Атырау облысында 8 685 нәресте дүние есігін ашса, соның 435-і мерзімінен бұрын өмірге келген.

 

Сурет ашық дереккөздерден алынды.