Атырауда шағын футболдан «Тауман Амандосов» кубогының иегері анықталды

Атырауда 25 қазан Республика күніне орай Атырау облысының БАҚ қызметкерлері арасында шағын футболдан «Тауман Амандосов» кубогы үшін өткен турнир аяқталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Алты команда сынға түскен додада бірінші орынға «Тауман» командасы ие болды. Айта кетейік, олар осымен үшінші рет кубокты жеңіп, өздеріне қалдырып отыр.  Ал «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі екінші орынды иеленді. Турнирдің қола медалі облыстық телеарна ойыншыларына бұйырды. 

Жарысқа Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі, аудандардың құрама командалары мен баспахананың құрама командасы қатысты. 

Сонымен қатар ойын барысында ең үздік ойыншылар да анықталды. Атап айтқанда, «Тауман» командасының қақпашысы Қанат Елеуов – «Үздік қақпашы», «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің  ойыншысы Қайсар Жетпісбаев – «Үздік шабуылдаушы», ал облыстық телеарна қызметкері Дәулет Иманғалиев – «Үздік ойыншы» деп танылды. Олардың әрқайсына  20 мың теңгеден берілді. 

Ал турнирде бірінші орынды жеңіп алған «Тауман» командасына 170 мың, екінші орын алған «Атырау-Ақпарат» командасына 130 мың және үшінші орынға ие болған облыстық телеарна ойыншыларына 100 мың теңге бұйырды. 

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА