Бұл туралы Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабеков мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өткен жылы Атырауда шағын және орта кәсіп субьектісі 57000 болса, биыл бұл көрсеткіш артып, 64500-ге жетті. Тіркелген субьектілердің 90%-ы өз кәсібін толық игеріп отыр.
- Аталған кәсіпкерлердің ішінде 49000 жеке кәсіпкер болса, 12000-ға жуығы заңды тұлғалар және 3500 кәсіпкер ауыл шаруашылық қожалықтары. Осы кәсіпкерлердің шығарған өнімдері 1 триллион 300 миллиардқа жуық теңгені құрады. Бұл көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда екі есе өсіп отыр. Сондай-ақ шағын және орта бизнестен шыққан өнім Республика бойынша үлкен қалаларды қоспағанда бірінші орында тұр, деді Н.Жаңабеков.
Оның айтуынша, өңірде облыс әкімінің тапсырмасымен әр тоқсан сайын кәсіпкерлермен кездесу өтеді. Осы жылы сәуір және қыркүйек айларында өткен кездесуге 200-ден аса кәсіпкер қатысуға өз өтініштерін білдірген. Аталған өтініштер облыс әкімінің тапсырмасымен кезең-кезеңімен орындалуда. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қаржыландыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Тың идеялармен өз кәсібін бастағысы келетін тұрғындарға қайтарымсыз гранттар және пайызы төмен несиелер сынды үш қаржыландыру бағдарласы жұмыс жасайды. Сондай-ақ бизнестегі қиындықтардың алдын алу үшін әлеуметтік желілер арқылы кеңестер беріліп, «Атамекен» алаңында сервистік қызмет те көрсетіледі.
Айта кетейік, биыл аймақта 8 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі тіркелген.