Атырау облысында сенбілік өтіп, мыңнан астам адам 45 тонна қоқыс жинады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сенбілік «Табиғатта қоқысқа жол жоқ» жалпы ұлттық экологиялық акциясы аясында өтті. Оған 1000-нан астам адам қатысып, 23 техника жұмылдырылды. Атырауда іс-шара «Жер- Ана» атауымен ұйымдастырылды. Оған экология департаментінің мамандары, аймақтың атқарушы органдардың, кәсіпорындардың өкілдері, экобелсенділер мен студенттер қатысты.
«Жыл сайын осы акциядан шет қалмаймыз. Бұл өте керек іс-шара. Биыл Атырауда экосенбілік барысында 5 аумақты қамтыдық. Аудандар да бұл жұмыстан шет қалмады. Мақсатымыз - қыстың алдында жағалауларды, саябақтар мен скверлерді қоқыстан тазарту. Іс-шара жұрт назарын қоршаған ортаның ластану мәселесіне, табиғатты сақтау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына бағытталған», деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов .
Іс шара барысында 1591 тал егіліп, 45 тонна қоқыс жиналды. Қайта өңделетін қалдықтар кәсіпорынға қайта өңдеуге жіберілді.
Айта кетейік акция қазан айының соңына дейін жалғасын таппақ.