Атырауда сенатор журналистермен кездесті

Атыраулық журналистер сенат депутатынан «Атырау – Астрахан» күрежолының құрылысы жайында сұрады, деп хабарлайды ATPress.kz. «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің журналистері  ҚР Парламент сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаевпен кездесіп, сауалдарын жолдады.
«Аймақтағы басты мәселелердің бірі Атырау-Астрахан күрежолының биыл қанша шақырымы жасалады?» деген сұраққа жауап берген депутат жобалау-сметалық құжаттамаларының қайта жасақталуы себепті тұралап тұрған құрылыс хақында өзі де министрлікке сауал жолдағанын атап өтті. 
«Атырау-Астрахан жолын салуға жергілікті аймақтың топырағын пайдалану ұсынылды. Сөйтіп бұл жобалық-сметалық құжатқа енді. Алайда кейін жұмыс басталып кеткенде жаңағы топырақтың сапасы келмей, ол жарамсыз болып қалды» дейді халық қалаулысы.  Мердігерлер мұндай аралас топырақты қолдана алмайтынын, ал егер пайдаланса, жолдың сапасы болмайтынын ескерткен соң құрылыс тоқтап, жобалық компания жазаға тартылып, оларға қайта тапсырма берілгенін айтты Ғұмар Дүйсембаев.
Айта кетейік, министрлік биыл жалпы ұзындығы 277 шақырымдық автожолды реконструкциялау құны 87,4 млрд теңгені құрайтынын атап өткен еді.
Барлығы  60 шақырым болатын жол салынды, 22 млрд. теңге жұмсалды.