Атырауда сегіз жасар батыр марапатталды

Атыраулық полицейлер батыр бала Дінмұхаммедті марапаттады

Өткен демалыс күні суға батқан жасөспірімдерге алғаш болып көмекке келген Дінмұхаммедтің батыл әрекеті көпшілікті тәнті еткен болатын. 8 жаста болса да өзінен үлкен балаларға көмекке келген Дінмұхаммед Серікұлы Жаңбырбай Атырау қаласындағы №3 мектептің 3-сынып оқушысын бүгін Атырау облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Ерлан Биғамбаев арнайы барып Департамент бастығының алғыс хатымен марапаттады.

- Өз елінің ер-азаматы өз елінің патриоты болу керек. Жігіт жеті жасынан танылады дейді. Дінмұхаммедтің қорықпай жасаған қадамы басқа балалардың аман қалуына септігін тигізді. Жарайсың, осындай жігіттің өсіп келе жатқаны мақтаныш. Ата-анаңа рақмет сендей ұл өсіріп отырған. Қатарластарыңа үлгі болып жүр әрдайым. Сенің батырлығыңды еліміздің барлық өңірі тіпті көршілес елдер көріп таң қалуда. Атырауда осындай батыр бала бар екен деген сөздің өзі бізді марқайтып отыр -деді, Ерлан Биғамбаев.

Дінмұхаммед отбасының ортаншы перзенті, отбасында әпкесі және інісі бар. Ата-анасы ұлдарының ерлік әрекетінің бейнежазбадан көріп таң қалғандарын жасырмады. Сол күні әкесі балаларына өзенге бармау керегін ескерткен, содан болар ол балалардың артынан ілескенімен мұз үстіне шығып ойнауға асықпаған. Бірақ, көмек керек балаларға тартынбастан барды.

- Мен көмектесіп құтқарғанымды білем, достарымды құтқардым өзімнің өмірімді ойламай. Олар рақмет деп айтты, содан 6 полицей келгенін білемін. Әкем өзенге барма дегесін ұрысама деп ойладым, әкем ұрысқан жоқ. Сыныптастарым бүгін бәрі жарайсың деп айтып жатты - деді, Дінмұхаммед Жаңбырбай.