Атырауда СЭБ департаментінің қызметкері суға батып бара жатқан екі жасар баланы құтқарып қалды

Әжесімен бірге Жайық өзенінің жағасында серуендеп жүрген бүлдіршін суға батып кете жаздады, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оқиға өткен жексенбі күні, 15 қазанда болды. Бүлдіршін әжесімен бірге серуендеуге шығып, Жайық өзенінің жағасында ойнаған. Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Қамзин оқиға орнына жақын жерде болып, суық судан қорықпай, тез өзенге секіріп, екі жасар баланы аман алып қалды.

- Қамзин Мұрат Мәлікұлы батыл әрекеті үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті атынан арнайы наградамен марапатталады. Өз кезегінде Атырау облысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, барлық қалалық және аудандық бөлімдер бала өмірін сақтап қалғаны үшін әріптесіне ерекше алғысын білдіреді, - делінген СЭБ Атырау облысы бойынша  департаменті таратқан хабарламада.