Атырау қаласындағы Сатыбалдиев көшесінде қайта жаңғырту жұмыстары басталады, деп хабарлайды AtyrauPress.
Жөнделетін жолдың ұзындығы 2,9 шақырымды құрайды. Ол аумақта жол құрылысын “Маңғыстау жол-құрылысы материалдары комбинаты» АҚ мердігер мекемесі жүргізеді.
Осыған орай, 16 маусым күні сағат 09:00-ден бастап Сатыбалдиев көшесінің С.Шөреев көшесі мен 46-көше қиылысы аралығында 300 метр қашықтықта жол жабылады.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары кезінде автокөлік жолы кеңейтіліп, толығымен жолдың беткі асфальт қабаттары алынып, жаңадан салынады.
Сонымен қатар, жоба шеңберінде жаяу жүргінші жолын салу және заманауи көше жарық шамдарын орнату көзделген.
«Жұмыстар жоспар бойынша кезең кезеңімен жүргізілетін болады. Осыған орай, атыраулықтар мен қала қонақтарынан жол бағыттарын алдын-ала жоспарлауға және көлік қозғалысындағы уақытша шектеулерге түсінікпен қарауды сұраймыз», - делінген хабарламада.
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА