Атырауда "Saraishyq Development" салымшылары үйсіз және ақшасыз қалды

Атырауда жарнамасы жер жарған «Qazanat»«Байсанат», «Family town», «Saraishyk» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқсыз қалғанына көп уақыт өтті. Себебі, "Saraishyq Development" немесе "Saraishyq Invest Group" деп аталатын құрылыс салушыларға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде облыс аумағында құрылысы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған 80-ге жуық тұрғын үй кешені бар. Олардың ішінде тек 13 тұрғын үй кешені үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алған («Elorda Residence», «New Real Estate», «Бейбарыс СТГ», «Талан», «New City», «Direct Construction Servise», «SamalTown», «Park Avenue», «Brooklyn», «Алтын Заман», «ASYL PARK», «Каспиан парк», «Французский квартал»). Ал, 26 тұрғын үй кешенінің үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты жоқ болса, 31 тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы келісілген, бірақ құрылыс жұмыстары басталмаған және 6 тұрғын үй кешені құрылыс салушыларға қатысты алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталуына байланысты аяқтаусыз қалды. Олар «Ақмаржан», «Жібек жолы», «Байсанат», «Family town», «Qazanat», «Saraishyk» тұрғын үй кешендері.

– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 18-бабына сәйкес ТҮК құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асырылады, - дейді Атырау облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Оралбек Хамит. – «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 7-бабына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бірыңғай оператордан кепілдік алу, екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады. Тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабына сәйкес жауаптылық көзделген. Бүгінгі күні ақпарат құралдарын мониторинг жасау арқылы («Korter.kz», «Krisha.kz», «Instagram») тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, 15 тұрғын үй кешені құрылысын салушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Атырау облысының прокуратурасы үлескерлік құрылысқа қатысатын, оның ішінде жосықсыз құрылыс салушылармен алданған адамдардың құқықтарын белсенді қорғауда. Қолданылған шаралармен «Жібек Жолы Инвест Групп» ЖШС және «Ақмаржан-Атырау» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басшылары әшкереленді, олар 2,3 млрд. теңге шығын келтірді, алданған 271 азамат келісілген мерзімде баспанасыз қалған. Сонымен қатар, кейбір пәтерлер бір уақытта бірнеше адамға сатылған. Ал, алаяқтар А.Юсупова мен Е.Сардарбеков ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (адамдар тобының аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен ірі мүлiктiк залал келтiру) бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үлескерлер қаражатын заңсыз тарту және заңсыз жарнама жариялау құқық бұзушылықтарын анықтау бағытында жұмыстар күн тәртібінен түспейді.

Тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алдымен қаланың Бас жоспарына сәйкес меншігінде жер учаскесінің болуы қажет және жер учаскесінің нысаналы мақсаты сәйкес болуы шарт. Одан кейін, тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы жергілікті атқарушы органмен келісіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріледі және құрылыс жобасына сараптаманың оң қорытындысын алады. Осы рәсімдерді өткеннен кейін Мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы талон-хабарлама алады. Құрылыс саласындағы және үлескерлер қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органмен берілетін рұқсат құжаттары болған жағдайда тұрғын үй кешені құрылысына үлескер ретінде қатысуға болады. Аталған рұқсат құжаттары болмаған жағдайда құрылыс салушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 314, 316 және 463-баптарына сәйкес жауаптылық көзделген. Прокурорлық қадағалау жұмыстары нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз салынып жатқан 9 тұрғын үй кешенінің құрылыс салушылары әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үй кешеніне үлестік қатысу алаяқтарға алданып қалу немесе құрылыс жұмыстарының аяқталмай қалу тәуекелі жоғары. Сондықтан азаматтарға осы заң талаптарын түсіндіре отырып, пәтер сатып алу кезінде құрылыс салушылардан барлық рұқсат құжаттарын сұрату қажеттігін түсіндіреміз.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ