Атырауда сапасыз салынған жол қайта жасалды

Сапасыз құрылыс материалдары өндірістен алынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының инженерлері жыл басынан бері облыс аумағындағы салынып жатқан жолдарға 741 рет тексеріске шығып, 295 ақау анықтады. Бұл туралы филиалдың бөлім басшысы Нұрлан Жантурин айтты.

Атырау облысындағы республикалық және жергілікті жолдардың құрылысына, яғни жол негізі, асфальт төсеуге пайдаланылып жатқан материалдардан 2449 сынама алынған. Жол зертханасында жасалған сараптама нәтижесінде 1324 материалдың ҚР Стандарттарына сәйкес келмейтіндігі анықталған.

«Жыл басынан бері орталық инженерлерінің тексеру қорытындысы нәтижесінде 9700 шаршы метр жол негізі, 21 336 шаршы метр асфальтбетон қайта салынды. Ал, сапасы талапқа сәйкес келмеген 3323 тонна  жол құрылысына қажетті материал өндірістік жұмыстан алынды», дейді Н.Жантурин. 

Анықталған 295 ақаудың 153-і өрескел екен. Оның 86-сы әлі толықтай жойылмаған.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ