Атырауда салымшылар сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр

Атырауда жарнамасы жер жарған «Qazanat», «Байсанат», «Family town», «Saraishyk» тұрғын үй кешендерінің құрылысы аяқсыз қалғанына бірнеше жыл болды. Себебі, «Saraishyq Development» (алғашында «Saraishyq Invest Group» аталған) атты құрылыс компаниясына қатысты алаяқтық фактісі бойынша сот ісі сағызша созылып келеді, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Бүгінде облыс аумағында құрылысы жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған 80-сексенге жуық тұрғын үй кешені бар. Соның оннан астамы тұрғын үй кешені үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алған («Elorda Residence», «New Real Estate», «Бейбарыс СТГ», «Талан», «New City», «Direct Construction Servise», «SamalTown», «Park Avenue», «Brooklyn», «Алтын Заман», «ASYL PARK», «Каспиан парк», «Французский квартал», т.б.).

– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 18-бабына сәйкес ТҮК құрылысына үлескерлердің ақшасын тарту жергілікті атқарушы органның рұқсаты негізінде жүзеге асырылады, - деген болатын облыстық прокуратураның аға прокуроры Оралбек Хамит биылыдң басында берген сұхбатында. – «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның 7-бабына сәйкес тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу бірыңғай оператордан кепілдік алу, екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы, көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсілдерінің бірі арқылы ұйымдастырылады. Тұрғын үй құрылысына үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаты болмаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-бабына сәйкес жауаптылық көзделген. Бүгінгі күні ақпарат құралдарын мониторинг жасау арқылы («Korter.kz», «Krisha.kz», «Instagram») тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңнама талаптарын бұзғандар анықталды. Атап айтқанда, 15 тұрғын үй кешені құрылысын салушылар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 320-бабы 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Атырау облысының прокуратурасы үлескерлік құрылысқа қатысатын, оның ішінде жосықсыз құрылыс салушылармен алданған адамдардың құқықтарын белсенді қорғауда. Қолданылған шаралармен «Жібек Жолы Инвест Групп» ЖШС және «Ақмаржан-Атырау» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басшылары әшкереленді, олар 2,3 млрд. теңге шығын келтірді, алданған 271 азамат келісілген мерзімде баспанасыз қалған. Сонымен қатар, кейбір пәтерлер бір уақытта бірнеше адамға сатылған. Ал, алаяқтар А. мен Е. ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (адамдар тобының аса ірі мөлшерде жасалған алаяқтық) және 195-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен ірі мүлiктiк залал келтiру) бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Үлескерлер қаражатын заңсыз тарту және заңсыз жарнама жариялау құқықбұзушылықтарын анықтау бағытында жұмыстар күн тәртібінен түспейді.

Тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін алдымен қаланың Бас жоспарына сәйкес меншігінде жер учаскесінің болуы қажет және жер учаскесінің нысаналы мақсаты сәйкес болуы шарт. Одан кейін, тұрғын үй кешенінің эскиздік жобасы жергілікті атқарушы органмен келісіліп, сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріледі және құрылыс жобасына сараптаманың оң қорытындысын алады. Осы рәсімдерді өткеннен кейін Мемлекеттік сәулет-бақылау басқармасынан құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы талон-хабарлама алады. Құрылыс саласындағы және үлескерлер қаражатын тартуға жергілікті атқарушы органмен берілетін рұқсат құжаттары болған жағдайда тұрғын үй кешені құрылысына үлескер ретінде қатысуға болады. Аталған рұқсат құжаттары болмаған жағдайда құрылыс салушыларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 314, 316 және 463-баптарына сәйкес жауаптылық көзделген.

Сонымен, «Saraishyq development» тұрғын үй кооперативіне жарты миллиард теңге аударған атыраулықтар қалай алданған? Осыдан үш жыл бұрын баспаналы болуға тиісті тұрғындар әлі күнге дейін салған ақшаларын ала алмай жүр. Арасында қос пәтердің ақшасын алдын ала толықтай төлеп тастағандар да бар екен.

– Мен екі бөлмелі пәтерге 20 миллион теңге салып едім. 2021 жылы жер жарған жарнамасын көріп, арзан бағасына қызығып, Сәтпаев даңғылының бойында орналасқан кеңсеге келдім де, сұраған ақшасын аудардым. Осыдан соң компания өкілдері еш хабарласпастан ізім-ғайым жоғалды, — дейді салымшылардың бірі Эдуард Айтасов.

 «Қазанат», «Сарайшық», «Байсанат», «Фэмели таун» кооперативтері құрылысты 2018 жылы бастап кеткен. Ал, оны облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы салымшылар әбден сан соғып, шу шығарған соң ғана заңсыз деп тауып, амалсыз тоқтатқан. Сонда алаңсыз жүріп жатқан құрылыс барысы неге қадағаланбаған? Құрылысқа қалай рұқсат берілген?

«Аталған құрылыс кешенінің рұқсат құжаттары жоқ. Мемлекеттік құрылыс басқармасына құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғандығы туралы хабарлама жолдамаған. Облыстық прокуратураның ұсынысы бойынша құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Сот қаулысы бар. Тұрғындарға сот ісі біткенше, қаулы шыққанша күту керек» деп қысқа қайырған еді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Рүстем Мәкібаев былтырғы сұхбатында.

Ал, алданған салмышылардың бірі Амандық Абдол сот ісінің сағызша созылып кеткеніне қапалы.

– Үйден үміт жоқ. Себебі, оны салып бітіру енді мүмкін емес. Салымшылар тіпті, өз ақшасына күзетші де жалдады. Соған қарамастан қараусыз жатқан құрылыс нысандарының күйі кетіп қалды. Ең болмаса, алаяқтық жолмен алынған ақша неге тез арада қайтарылмайды? Қазір инфляция шарықтап, біздің миллиондаған ақшамыз құнсызданып барады. Егер бұл іс осылай созыла беретін болса, біз салған ақшамызға ертең ескі лашықты да ала алмаймыз. Пәтерлерін ала алмай жүргендердің арасында жағдайы жоқ, көпбалалы аналар бар. Үйдің шаршы метрі шамамен 130 мың теңге деген соң, барлығымыз алдық. Бізге ақшаны қайтарсын, — деп ашынады егде жастағы тұрғын.

Сот табалдырығын тоздырған жұрт енді бұл іс сағызша созыла бермей, жылдамырақ аяқталса екен дейді.

«Арзан бағада сатылып жатқан соң осы пәтерді алдым. Әлі күнге дейін далада жүрмін, не үй жоқ, не ақша жоқ. Жылдар бойы баспанаға деп ақша жинағанмын. Осылайша, бізді тығырыққа тіреген тиісті алаяқтар ұсталсын» дейді тағы бір салымшы Айнұр Исатай.

Наразы топ бұған дейін де талай шағымдарын айтқан болатын. Ол кезде Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасындағылар құрылысты аяқтауға инвестор іздейміз деп уәде берген еді. Енді «инвестор табу құзырымызға жатпайды» деп жауапкершіліктен жалтарды. Оның үстіне, аталған басқарманың басшысы да ауысып кеткен болатын.  

Осы орайда, "Информбюро" бағдарламасы бұл мәселеге жауапты мамандар мен үлескерлердің өзін сөзге тарып көрген болатын...

ИНДИРА ТЕМІРОВА, үлескер:

  • 2021 жылы екі бөлмелі пәтер аламын деп бар жиған ақшамды салдым. Содан бері сабырымыз сарқылды. Не істейтінімізді білмейміз. Екі жылдан бері туыстардың үйін жағалап жүрмін. Үйді тезірек салып бітірсе жақсы болар еді.

СӘРСЕНБАЙ ТӘУІРБАЕВ, үлескер:

  • Қазір ақша да, үй де жоқ. Төрт бірдей тұрғын үй кешенінің адамдары жүрміз тентіреп. Тіпті, бар баспаналарын осы үйді аламыз деп салғандар бар. Несие алып, салғандар да бар. Өзім 24 млн құйдым.

ӘСЕТ СЕМБАЕВ, Атырау облысы мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясының бөлім басшысы:

  • Құрылысқа рұқсат құжаттамалары толық жасақталмаған. Сонымен бірге қазіргі уақытта сот шешімі шығып, әлі күшіне енбеген. Осыған байланысты әкімдікпен құрылысты аяқтау бойынша инвестор іздеу жұмыстары жүргізілуде. Келісімшартқа отырып, алдын ала ақша берген адамдардың саны 200-ге жуықтайды.

ЕРЛАН КАКИЕВ, Атырау қаласы прокурорының орынбасары:

  • «Nazik Group» ЖШС директоры 5 жылға сотталса, «Atameken», «Baisanat Residence» және «Family town» құрылтайшылары мен жауапты қызметкерлері 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек Атырау қаласының прокуратурасының қаулысы негізінде осы үлескерлердің ақшасын тартып алу мақсатында жарнама әрекеттерін жасаған үшін 2 құрылыс компаниясына 1 млн теңгеден әкімшілік айыппұл салынды.

Фото: "AtyrauPress"