«Теңізшевройл» ЖШС-нің Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы шеңберінде «Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы» іске асырып жатқан «Салауатты ана болу: үйрете отырып, қауіптерді азайтамыз» жобасы басталды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған жоба Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы ана мен бала өлімін азайту мақсатында болашақ аналарға ғана емес, сонымен қатар медицина қызметкерлеріне де консультациялық көмек көрсетуге бағытталған.
- Біздің мақсатымыз - барлық жастағы жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлері, жүкті әйел және оның отбасы мүшелері арасында сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру. Әйел мен оның отбасы жүктіліктің оң тәжірибесін алуы керек, бұл халықтың репродуктивті денсаулығы мен ата-ана болуға саналы көзқарасы үшін ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді,- деді Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының атқарушы директоры Галина Гребенникова.
Жоба шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 75 медицина қызметкері үшін офлайн режимінде төрт күндік тренинг өткізу жоспарлануда. Олардың ішінде Жылыой ауданының, облыстық перинаталдық орталықтың жалпы практикалық дәрігерлері, акушер-гинекологтары, медбикелер мен акушерлер бар.
Оқытуды еліміздің жетекші медициналық университеттері мен мекемелерінің жоғары санатты акушер-гинекологтары қатарынан тәжірибелі, халықаралық оқытудан өткен жаттықтырушылар жүргізетін болады. Тренингтерде қатысушылар білім деңгейін арттыра отырып, жүктілікке және антенатальды (босануға дейінгі) көмекке дайындық, жүктіліктің асқынуын уақтылы диагностикалау және пациенттерді ауруханаға жатқызу бойынша қызмет көрсету дағдыларын жетілдіретін болады.
- Репродуктивті денсаулықты қорғау - стратегиялық маңызды міндет болып табылады, өйткені мемлекеттің тұрақты дамуы халықтың саны мен сапалық құрамына, адами ресурстарға, еңбек капиталына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты,- деп атап өтті Денсаулық сақтау басқармасының Ана мен бала бөлімінің бастығы Сұлу Жұмагелдіқызы.
Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек базасында Атырау және Құлсары қалаларында босануға дайындық бойынша үш мектеп құрылмақ. Бұл мектептердің қызметкерлері жергілікті медицина қызметкерлерін дайындайды және болашақ аналарға көмек көрсету үшін 30-дан астам адам оқытылады. Бұл мектептерге патологиясына, жасына және босану санына қарамастан, барлық жүкті әйелдер қатыса алады.
Еске сала кетейік, «Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің қатысуымен елімізде ширек ғасырда дәрігерлерді салауатты ана мен бала мәселелеріне оқытуға бағытталған жиырмадан астам жоба іске асырылған.