Бұл туралы "Адырна" сайтына блогер Нұргүл Мукушева жазды, деп хабарлайды ATPress. kz.
Блогер діни мектепке атыраулық Жолмұханова Жұмазияның басшылыққа тағайындалғанын және оның туған інісі Жолмұханов Қанкерейдің қызы Жұлдыз Қанкерейқызы мен күйеу баласы Мұратбеков Абзал 2015 жылы Сирияға қарулы соғысқа аттанып, 2019 жылы екеуі де қаза тапқандығы жайлы жазған.
Сондай-ақ, сәләфилік оқу орнының құрылтайшылары сәләфилік идеологияны кеңінен насихаттап жүрген Есбосын Асан Балғабайұлы мен түркіменстандық Розыев Мұрат Довлетович дейтін исламистер екенін айтады.
- Айтпақшы Есбосын Асан Балғабайұлы ҚР Қылмыстық кодексінің 194-шы "Бопсалау" бабымен сотталып, адвокаттық лицензиясынан айырылыпты. Бәріміз білетіндей сәләфилер Қазақстандағы мектептердің зайырлы форматта сабақ берулеріне түбегейлі қарсы. Себебі олар мектептегі киім үлгісіне бағынбай, арабтардың дәстүрлі киімі хиджабпен сабаққа кіргізулерін қалайды. Ал бұл әрекет Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы және білім беру жүйесі зайырлы қағидаттар негізінде оқытылады. Сәйкесінше оқушылардың киім үлгісі зайырлы сипатта болуы шарт. Сәләфилердің негізгі мақсаты - деструктивті діни идеологияны мектеп қабырғасында еркін жүргізуге мүмкіндік алу. Сонымен қатар,осындай жеке мектептерде сәләфилердің ұл-қыздарынан басқа, мешіт намазхандарының балаларына да жат экстремистік, яғни теріс идеологиямен ықпал ету, яғни қатарларын көбейту қаупі бар және бұндай діни орта әртүрлі жанжалдың тууына кеңінен жол ашады. Осыған орай, жоғарыда келтірілген фактілерді алға тарта отырып, ҚР Оқу-ағарту министрі А.Айтмағамбетовтен Атырау қаласында орналасқан, атап айтқанда Әділет министрлігінде тіркелген ұлттық емес "сәләфилік қыздар мектебіне" лицензия берілмеуі мен тез арада жабылуына ықпал етуіңізді сұраймын! - деп жазған Н. Мукушева.
Ал Атырау облыстық білім басқармасы осы ақпарат бойынша тексеру басталғанын хабарлады.
- Аталмыш жеке ұйымға өкілетті органдардан лицензия берілмегендігін хабарлаймыз. Қазіргі таралған ақпарат негізінде тексеру жүргізілуде. Тексеру қорытындысы бойынша барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Айта кетейік, Қазақстан зайырлы мемлекет және барлық ұйымдар, соның ішінде жеке білім беру ұйымдары да қолданыстағы заңнаманы сақтауға міндетті, - деп жауап берді басқармадағылар.
ATPress бұл тақырыпқа тағы оралатын болады.