Атырауда өрт сөндіру-құтқару спортынан облыстық жарыс өтті

Кәсіби мереке қарсаңында құтқарушылар шеберлігін шыңдап, өзара сайысқа түсті. Оған 84 қызметкерді қамтитын 14 команда қатысты,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Жарыс «Шабуыл сатысымен оқу мұнарасының 4-қабатына көтерілу», «Кедергілері бар 100 метр жолақтан өту», «Жауынгерлік қанат жаю» және «Өрт сөндіру эстафетасы» кезеңдері бойынша өтті.

- Бұл жолғы сайысқа қатысушылардың дайындығы жоғары екенін байқауға болады. Қатысушыларға әртүрлі қиындықтарды еңсеру және шапшаңдықты көрсету талап етілді. Олар шұғыл жағдайда жылдам әрі тиімді әрекет ету қабілеттерін дәлелдеді, - деді қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айбек Құспанғалиев.

Жарыс қорытындысымен, жалпыкомандалық есепте: Атырау қаласының № 13 өрт сөндіру бөлімі 1-ші орын; Индер аудандық № 5 өрт сөндіру бөлімі 2-ші орын; Атырау қаласының № 14 өрт сөндіру бөлімі жүлделі 3-ші орынды иеленді.

Ал кроссвит бойынша үздік деп танылған Ерсайт Бралинге “Үздік құтқарушы-2024” белбеуі берілді.