Облыс орталығында «JasSpace Mega Sumo Tournament» робототехника фестивалі өтті, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
Байқауға өңірдің әр жерінен келген жүзге жуық оқушы, студент және ұстаз қатысты. Қатысушылар қолдан құрастырған «Ақылды көліктер» арнайы алаңғы шығарылып, бір-бірімен күш сынасты. Мақсат суммо күресіндегідей бір-бірін алаңнан итеріп шығару керек болды. Міне, жарыстың «суммо-роботтар сайысы» деп аталуы да сондықтан.
"Бұл шаралар балалар мен жасөспірімдердің техникалық бағыттағы шығармашылығын шыңдау үшін өткізіліп жатыр. Екіншіден, бүгінгі жеңімпаздардан ертең республикалық «KazRoboProject» жобалар байқауына команда жасақталады. Конкурста оқушы, студент пен оқытушылардың жұмысы өз алдына жеке-жеке бағаланды" дейді ұйымдастырушылар.
Нәтижесінде, бірінші орынды атыраулық жаттықтырушы Дияр Абухановтың шәкірттері иеленіп, 100 мың теңге ұтып алды. Ал, қызылордалық Елібай Құттықияевтың оқушылары екінші (60 мың теңге) және аталған өңірден тағы бір команда үшінші (40 мың теңге) орындарға жайғасты.
Айта кетейік, шара Орталық Азияның Еуразия қоры мен «Шеврон» компаниясының қолдауымен өтіп отыр.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ